Алматыда балабақша тәрбиешісі балаларды ұрып-соққан

27 желтоқсан 2021, 20:19

Оқиға Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде болған, деп хабарлайды Хабар 24.

Тәрбиешінің бүлдіршіндерді шашынан сүйреп, таяқпен ұрғаны бейнекамераға түсіп қалған. Түсірілімді әлеуметтік желіде жариялаған ата-аналар балалардың еріні жырылып, денесінде көгерген іздер қалғанын айтады. Қазір мектепке дейінгі білім мекемесінің қызметкері тергеліп жатыр.

Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін тәрбиеші үш жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі: – Аталмыш азаматтың әрекетіне құқықтық тұрғыдан баға беріледі. Ол заң алдында жауап береді. Қазіргі таңда болған деректердің қанша екенін анықтаймыз.Қазір тәрбиеші полицияға түсінік беруде. Тергеу барысында бұлтартпау шарасын тағайындау үшін шешім қабылданатын болады. Бұрын-соңды полицияға бұл азаматқа қатысты арыздар түспеген. Бірақ қазіргі сәттегі мәлімет осындай. Мүмкін тергеу барысында басқа мән жайлар анықталады.