Алматыда банк атынан хабарласып, адамдарды алдаған алаяқтар ұсталды

28 сәуір 2022, 17:57

Алматыда алаяқтық топ басшысы ұсталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Криминалдық полицияның мәліметінше, 1993 жылы туған азамат қазақстандықтарды телефон арқылы алдап келген алаяқтардың бірі.

 

"Бұл азамат адамдарға қоңырау шалып, өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, біреу олардың атынан онлайн несие алуға тырысып жатқанын айтатын болған. Егер жәбірленуші бұл айтқанға сенсе, онда қоңырау шалушы жинақ ақшаны "резервтік шотқа" аударуды ұсынған, осылайша қылмыскер басқа адамдардың ақшасына қол жеткізіп, сол ақшамен күн көріп отырған. Азамат К. шоттағы ақшаларды картаға аударатын адамдарды тауып,  олар келіскен жағдайда қомақты сыйақы беріп отырған. Тінту барысында күдіктіден екінші деңгейдегі түрлі банктердің 157 карточкасы тәркіленді. Біз олардың иелерін, сондай-ақ олардың алаяқтыққа қатыстылығын анықтаймыз", - деп хабарлады Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары полковник Берік Әбілбеков.

 

Онымен бірге жалдамалы пәтерде Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген 23 және 25 жастағы тағы үш ер адам ұсталды.

 

"Бұл айыпталушылардың міндеті карталарға түскен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру болған. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған адамдардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп түйіндеді Берік Әбілбеков.