Алматыда бизнесменді бопсалады деген күдікті ұсталды

19 мамыр 2022, 17:25

Алматыда 41 жастағы бизнесменнен 260 мың доллар бопсалады деген күдікті ұсталды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Бизнесмен полицияға арыз берген. Оның айтуынша, бейтаныс адам ойдан шығарылған қарыз туралы айтып, одан 260 мың доллар талап етіп, физикалық зорлық-зомбылық көрсетіп қорқытқан.

 

"Бұл дерек жедел және арнайы іс-шаралар өткізу барысында расталды. 1981 жылы туған азамат физикалық зорлық-зомбылық көрсетіп, кәсіпкерден қомақты қаржы талап еткен. Күдіктіні полиция жасағы арнайы операция нәтижесінде ұстады. Тінту барысында ақшалай қаражат тәркіленіп, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабында, 4-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Күдікті қамауға алынды", - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары полковник Берік Әбілбеков.

 

Полицейлер арнайы операцияны кешке Әл-Фараби даңғылында орналасқан кафелердің бірінде өткізген. Күдікті жақын жерде тұратыны анықталды, сондықтан ол кездесуді ыңғайлы жерде ұйымдастырған. Ол кінәсін толық мойындады.