Алматыдағы қарақшылар арасында қыздар да болған

12 қаңтар 2022, 17:34

Алматыда қарақшылар тобы ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасай отырып.

 

Алмалы аудандық Полиция басқармасының мәліметінше, қала орталығынан күндіз 21-27 жас аралығындағы бес жас адам ұсталған. Екеуі - қыз.

 

Күдіктілер есірткі таратқан. Ұсталғандардың жалдамалы пәтерінен бөлшек саудаға өткізуге дайындалған синтетикалық есірткі, ұрланған техника бұйымдары табылып, тәркіленді.

 

"Барлығы қылмыстық іс материалдарына қосылды. Оның ішінде ұнтақ тәрізді зат түрінде 70-тен аса магнит түйіншегі, сондай-ақ, компьютерлер, ноутбуктер, теледидарлар, проекторлар, пернетақталар, екі процессор мен монитор, виртуалды ойындарға арналған дулыға, киімдер, оқ-дәрі табылды", - деп мәлімдеді Алматы комендатурасы өкілі.

 

Күдіктілер қамауға алынды. Олардың басқа заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексеріледі.