Атырауда 18 жастағы жүргізушіден қолдан жасалған атыс қаруы тәркіленді

16 қаңтар 2022, 17:34

Атырауда 18 жастағы жүргізушіден мылтыққа ұқсас қолдан жасалған қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізушінің көлігі кеше, 15 қаңтарда түнгі сағат 1:30 шамасында тоқтатылған.

 

«Қазір Атырау қаласында патрульдік полиция мен криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлескен жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, 15 қаңтарда «Батыс–13» экипажы және криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері «ВАЗ – 2109» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көлікті 2003 жылғы бозбала басқарғаны анықталды. Тексеру кезінде автокөліктің жүк салғышынан мылтық қаруына ұқсас қолдан жасалған зат табылып, айғақ зат тәркіленді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

 

Аталған бозбала Атырау облысында жарияланған төтенше жағдай режимін бұзғандығы үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен әкімшілік жауапқа тартылды.

 

Енді оның жаппай тәртіпсіздікке қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.

 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіден атыс қаруы тәркіленгенін жазған едік.