Атырауда ер адам бұрынғы әйелін ұрып-соғып, көлікке сүйреп мінгізіп алып кеткен

25 тамыз 2023, 09:06

Атырауда деструктивті діни ағымның өкілі бұрынғы әйелін ұрып, полицияға қарсылық көрсеткен. Қазір оның үстінен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ер адам әйелді ұрып-соғып, көлікке сүйреп мінгізіп алып кеткен. Әйел көмек сұраған.

 

Бұл туралы оқиғаның куәгерлері 102 желісінің операторына хабар берген.

 

«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, күдікке ілінген Honda автокөлігін Атырау-Қарабатан тасжолынан анықтап, тоқтатты. Көліктің рульінде болған 1987 жылғы жүргізуші полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, заңды талабына бағынбаған. Ал 1988 жылғы әйел бұрынғы күйеуінің өзін ұрып-соғып, дене жарақатын салғанын, еркінен тыс көлікпен белгісіз бағытқа алып бара жатқанын мәлімдеді. Тексеру кезінде көлік жүргізушісінің бұрын сотты болғаны, деструктивті діни ағым өкілі екені анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

 

Әйелден зорлық-замбылық белгілері анықталған. Сот шешімімен 1987 жылғы жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-2 бабымен кінәлі деп табылды. Ол 2 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

 

«Бұрын дәл осындай құқық бұзушылықты төрт мәрте жасаған ер адам бұдан былай полицияның бақылауында болады. Сондай-ақ, ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 2 бөлігімен (Билік өкілін қорлау) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда дағдарыс орталығына жыл басынан 24 әйел мен 63 бала түскен.

 

 

Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz