Атырауда шаруа қожалығының иесін өлтіріп құдыққа лақтырып кеткен

02 тамыз 2021, 21:07

Атырауда шаруа қожалығының иесін атып өлтіріп, денесін құдыққа лақтырып кеткен қылмыскерлерге сот үкім кесті. 39 жастағы Серік Теңізбаев ең ұзақ мерзімге сотталса, қылмысты жасырған Жұматай Масабаев 5 жылға сотталды.

 

Ал жантүршігетін оқиға кезінде қасында жүрген 22 жастағы Масабаевтың ұлы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

 

Сотталушылар марқұмның отбасына 14 миллион теңге өтемақы да төлеуі тиіс.

 

Алайда үшеуі де мұндай жазамен келіскен жоқ. Бүкіл Жылыой ауданының жұртын дүр сілкіндірген қылмыс былтыр қыркүйекте болды.

 

Малын іздеп шыққан малшы жеті күн бойы үйіне оралмаған. Туыстары шаруаны тау-тасты аралап жанұшырып іздегенімен, тек тоғызыншы күні Құлсары қаласынан 70 шақырым жердегі құдықтан денесін тапты.

 

Күдікке ілінген үш адам бірден қамауға алды. Олар бұған дейін де  жергілікті шаруаларға қоққан-лоқы көрсетіп, мал ұрлығымен айналысқандар боп шықты.

 

Бес айға жуық тергеліп, сегіз айға жалғасқан сот процесіне бүгін соңғы нүкте қойылды. Үкім онлайн оқылды. Ең ауыр жаза – бұрын да кісі өлтіргені үшін сотталған 39 жастағы Серік Теңізбаевқа кесілді. Ол 15 жылға абақтыға аттанса, қылмысты жасырған әкесі мен баласы 5 және 4 жылдан арқалады.

 

Зарема Хамидулина, судья:

 

- Шаруашылықтың айналасында жылқыларды қайырып алып кетуге кеткен кезде осы оқиға болған, Теңізбаев пен Нұртілеуовтың арасында. Сараптама қорытындысына сәйкес, сарапшының жауабына сәйкес, Нұртілеуовтің бет-әлпетінде болған жеңіл дәрежедегі жарақаттар, бұл өлімнің алдында болған. Яғни Теңізбаев екеуінің арасында төбелес болғаны жоққа шығарылмайды.

 

 

 

ktk.kz