“Банк қызметкері” ақтөбеліктің атынан онлайн несие рәсімдеген

23 ақпан 2022, 09:35

“Банк қызметкері” ақтөбеліктің атынан онлайн несие рәсімдеген, деп хабарлайды Polisia.kz.

 
Қаңтар айының соңында Хромтау қаласының 45 жастағы тұрғынының телефонына белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін екінші деңгейдегі банктердің бірінің қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушінің шотынан алаяқтар ақша аударымын жасамақшы деп алдап, жеке деректерін иемденіп, банктен 1 млн теңгеге онлайн несие ресімдеген. ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдікті адамды анықтау мен ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізілуде.

Осындай жағдайлардың жиілеп кетуіне байланысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті дербес деректерді, карта деректемелерін, интернет-банкке кіру үшін логин немесе парольді атамауды, телефон арқылы үшінші адамдардың сөздерін тыңдамауды, SMS хабарламада көрсетілген сілтеме бойынша өтпеуді ұсынады. Ақтөбе облысының полицейлері банкинг қызметтеріне қол жеткізу құпия сөздерін үнемі өзгертіп, төлем жүйелерінде бар қауіпсіздік шараларын қолдану қажет екенін еске салады.