Баспалдақтан секіріп кеткен: Шымкент полициясына жеткізілген күдікті қашып кетпек болды

20 желтоқсан 2021, 10:14

Шымкентте зорлық және алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған азамат сот үкімінен сытылып кетпек болды, деп мәлімдеді полиция департаменті. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция мәліметінше, 1987 жылы туған ер адам аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына жеткізілген. Бұған дейін азаматқа Әл-Фараби аудандық сотының шешімімен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, іздеу жарияланған болатын.

"Күдікті осы іс бойынша жәбірленушімен бетпе-бет келіп, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мүмкін еместігін түсініп, қашуға әрекеттену кезінде баспалдақтың қоршауынан секіріп өтіп, жабық тұрған қойманың үстіне құлап түскен", - деді Шымкент қалалық ІІБ баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары медициналық қызметкерлердің тексеруі кезінде оның денесінен жарақат анықталмады деп сендіреді. Оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

БАҚ беттерінде бұған дейін ер адамның төртінші қабаттағы баспалдақтан секіріп кеткені туралы жазылған. Полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығарған жоқ.

Әл-Фараби аудандық судьясының қаулысы негізінде және дәрігерлердің қорытындысы бойынша ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ер адам Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) және 120-бабы (Зорлау) бойынша айыпталып отыр.

ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жария етуге жатпайды, деді полиция.

Еске салайық, желтоқсан айының басында Шымкент полиция бөлімшесінде тергеуден кейін ұсталған 31 жастағы ер адамның қайтыс болғаны туралы жазылған.

Шымкент қалалық ІІБ бастығы Ералы Жұмаханбетов қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, "полиция қызметкерлері ұстап алып, жеткізу кезінде күш қолданылғанын" растады.

"Полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер қозғалып, оларды объективтілік мақсатында арнайы прокурорлар департаменті тергеп жатыр", - деп жазды Жұмаханбетов Facebook парақшасында.

Сондай-ақ, хабарламада қарамағындағылардың іс-әрекетіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген басшылардың ішкі істер органдарынан қызметінен босатылғаны көрсетілген. Олардың қылмыстық істі тергеу аясындағы әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Оқиға ағымдағы жылдың 8 желтоқсанында Шымкент қаласында орын алған, ол кезде көлік ұрлады деген күдікпен бұрын мүліктік қылмыс пен тонау жасағаны үшін сотты болған Қостанай облысының екі тұрғыны ұсталды.

Күдіктілердің бірі Нұрболат Жұмабаев Шымкент полициясында есін жоғалтып, көз жұмды. Жедел жәрдем дәрігерлері оның қайтыс болғанын анықтады. Марқұмның туыстары оның денесінен көптеген жарақаттар табылғанын алға тартады.