Бейәдеп сөзі үшін дәмхана қонағының жағы сынды

20 қазан 2021, 08:49

Ер адамға қатысты "Адам денсаулығына орташа деңгейде қасақана зақым келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысында дәмханаға келген екі ер адамның арасындағы төбелеске қатысты тергеу жүріп жатыр. Бұл текетірес кезінде ер адамның бірінің жағы сынған.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл оқиға Қарасай ауданында болған.

Дәмханаға келгеннің бірі жұрт алдында балағат сөз қолданып, ұрыса бастаған. Тамақтану орнындағы тағы бір қонақ оған ескерту жасағанда, әлгі ер адам жұдырық ала жөнелген.

Екінші ер адам дөрекіні жағынан ұрып, "тыныштандырмақ" болған. Бірақ білек күшін асыра пайдаланып, соның салдарынан қарсыласының жағын сындырып жіберген.

Жәбірленуші полицияға шағымданды.

Ер адамға қатысты "Адам денсаулығына орташа деңгейде қасақана зақым келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол айыппұл төлеуі немесе екі жылға сотталуы мүмкін.

sputnik.kz