БҚО-да ішімдік ішкендердің отырысы адам өлімімен аяқталды
Батыс Қазақстан облысында ер адамдардың отырысы пышақтасумен аяқталды. Салдарынан 44 жастағы ер адам қайтыс болды деп хабарлайды БҚО Полиция департаментінің Instagram парақшасы. 
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, қайғылы жағдай Теректі ауданында 8 желтоқсанда болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 32 және 44 жастағы екі ер адам ішімдік ішкен. Отырыс барысында ер адамдардың арасында жанжал туындап, 34 жастағы азамат екіншісіне бірнеше рет пышақ сұққан.
44 жастағы ер адамның ішінен, арқасы мен кеудесінен жарақат алғаны хабарланды. Ол дәрігерлер келгенше қайтыс болып кеткен.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдікті қолға түскен. Полиция "Кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Еске сала кетсек, Оралда такси жүргізушілерін сабап, көлігін тартып алып жүрген қарақшылар ұсталғаны хабарланған еді. Қылмыстық топ ұрланған көлікті Атырауда сатпақ болған жерінде қолға түскен. 
Автобарымташыларға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Екеуі де, тепсе темір үзетін 21 жастағы жігіттер. Ұсталған кезде қылмыстық топтан суық қару және бірнеше көліктің мемлекеттік нөмері табылған.
Айыптары дәлелденіп жатса онда олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетсек, Орал қаласында денесін күйік шалған 31 жастағы әйел есін жимастан ауруханада қайтыс болғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ 17 қарашада Оралда ер адам мектеп оқушысын әкесі секілді алып кетпек болған еді.