Cыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдының ұшақта ұсталғаны растады

14 наурыз 2022, 17:26

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов мәжіліс кулуарында Қайрат Сатыбалдының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Ол аса ірі көлемде "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

БАҚ өкілдері Қайрат Сатыбалдының ұшақта ұсталғаны рас па деген сұрақ қойды. Олжас Бектенов бұл ақпаратты растады.

 

"Иә, ол Алматы әуежайының аумағында ұсталды. Бұлтартпау шарасы әлі таңдалған жоқ. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысына байланысты, ал бұлтартпау шарасын сот анықтайды", - дейді ол.

 

Бектеновтің пікірінше, оның ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

 

"Барлық факті тексеріледі. Ресми ақпарат болса, бірден сіздерге хабарлаймыз. Қайрат Сатыбалдыны біздің қызметкерлер ұстады. Біздің ақпарат бойынша, Дубайға (кетпек болған - ред.)", - дейді Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

 

Олжас Бектенов жалпы қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қазақтелеком" АҚ-дан қаражат жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын атап өтті.

 

"Әзірге кеше тараған ақпарат қана белгілі. Сома (жымқырылған - ред.) қазір анықталып жатыр, бірнеше эпизод бар. Тиісті сараптама жүргізген соң оның көлемін міндетті түрде хабарлаймыз. Бірақ, әңгіме миллиардтаған сома жайында екенін айта аламын", - дейді ол.

 

Сонымен қатар, Олжас Бектенов тінту шаралары жүргізілетінін оның ішінде Алматы қаласы мен елордадағы "Қазақтелеком" АҚ-да жүргізілетінін атап өтті.

 

"Белсенді түрде тергеу жұмыстары кеше ғана басталды. Қандай да бір ақпарат болса міндетті түрде хабарлаймыз", - дейді Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

 

Айта кетейік, 13 наурызда агенттік Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын ресми түрде хабарлаған еді.