Дзюдадан Қазақстан чемпионының өліміне кінәлі 8 жылға соталып, екі жылда босап шықты

22 желтоқсан 2021, 09:23

Дзюдодан Қазақстан чемпионы Жасұлан Әбиев Қаражыра кен орнында көз жұмған. Бұл оқиғадан кейін сот 2019 жылы Мәулен Марленовты 8 жылға бас бостандығынан айырған еді. Алайда, сотталған азамат темір торда небәрі екі жыл отырып, мерзімінен бұрын босап шықты. Мұны естіген марқұмның ата-анасының төбесінен жай түскендей болған. Олар баларының өліміне тікелей қатысы бар адамды жазасын толық өтеместен бостандыққа шығару шешіміне түбегейлі қарсы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

 

Гүлнәр Әбиеваның жалғыз ұлы Жасұланнан айырылғанына үш жылға жақындаса да, бұл сұмдыққа әлі сенгісі келмейді. Бар жұбанышы тек балаласынан сүйген үш немересі мен оның соңғы суреттері. Енді міне қыршынынан қиылған ұлының өліміне кінәлі деп танылған азаматтың, жазасын толық өтеместен бостандыққа шығуы жығылғанға жұдырық болды дейді.

 

 "21 жылы 30 сәуірде шығып кетіпті Марленов. Бұлар өзі топпен болған. Солардың ішінен біреуін ғана соттаған. Біреудің өзі шығып кетті. Заңда әділдік бар деп сенбеймін мен. Өйткені басында он бес жыл, жиырма жыл сұрағанмын. Алайда сегіз жыл ғана берді", - дейді марқұмның анасы Гүлнәр Әбиева.

 

Марқұмның анасы Мәулен Марленовтың бостандыққа шыққанын жұмыста отырғанда естіген. Сол сәтте қол-аяғым дірілдеп, төбемнен біреу мұздай су құйғандай күй кештім дейді. 8 жылға сотталған азаматтың 3 жылға жетпей темір тордан құтылғанына сенбеген ол бірден қалалық прокуратураға жүгінген. Бірақ құзырлы органдағылар оның Өскемен сотының шешімен босап шыққанын хабарлаған. Ал соттағылар Мәрленовтың өтелмеген жазасын айыппұлға ауыстырғанын растады.

 

"Заң талаптарына сәйкес Өскемен қаласының №2 соты өз қаулысымен жаңағы М атты азаматқа өтеп жатқан бас бостандығынан айыру жазасынан айыппұлға ауыстырды. Бұл айыппұлға ауыстырудың да өз талаптары бар. Осы 73-бабының 3-бөлігіне сәйкес егер де мына қылмыспен келтірілген залал толық өндірілген жағдайда, толық төленген жағдайда, онда осы өтеп жатқан жазаны айыппұлға ауыстыру соттың толық мүмкіншілігі бар", - деді Өскемен қаласы №2 сотының судьясы Тельман Әлімханұлы.

 

Осылайша Мәулен Марленовтың қалған 5 жыл жаза мерзімі, 1 миллион 388 мың теңге көлеміндегі айыппұл түріндегі жазаға ауыстырылған. Тіпті заң күшіне еніп те кеткен. Мұны Өскемен соты сотталушының Жасұлан Әбиевті қасақана өлтірмегенімен және онша ауыр қылмысқа жатпайтынымен байланыстырған. Дегенмен бізге берген жазбаша жауабында Мәрленовтың әрекеті мінсіз ауыр қылмысқа жатады деп жазылған.

 

Еске сала кетсек, Семейдегі Қаражыра кен орнында дзюдошы Жасұлан Әбиев көмірге кезекті реттемек болған кезде шыққан төбелесте қаза тапқан еді.