Елордада екі күнде 2,5 млн теңге "тапқан" таксист тергеуге алынды

17 маусым 2022, 18:19

Нұр-Сұлтан қаласында такси жүргізушісі жалға алған көліктерден катализатор ұрлап, такси компаниясын 2,5 миллион теңгеге шығынға батырды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Сарыарқа аудандық полиция бөліміне "Смарт такси" ЖШС басшысы арызданды. "Chevrolet Cobalt" маркалы көліктерден катализатор ұрланды. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 39 жастағы қала тұрғынын ұстады.

 

Ол такси жүргізушісі болып жүргенде жалға алған көліктерден катализатор ұрлаған. Әрбіреуінің бағасы - 830 мың теңге.

 

"Күдікті екі күннің ішінде көліктерді техникалық қызмет көрсету орталықтарына апарып, автомеханиктерге катализаторларды ақыға кескізіп алған. Сосын бәрін металды қабылдау орнына төмен бағамен өткізген", - дейді полицейлер.

 

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

 

Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("Ұрлық, бірнеше рет жасалған әрекет") бойынша екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

Кінәлі адамның мүлкi тәркiленеді.