Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

09 маусым 2022, 09:42

Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.

Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

 

Бұған дейін экс-шенеунік бұл ақпаратты жоққа шығарып әлеуметтің желідегі парақшасында жазба қалдырған болатын.

 

"Ауыр қылмыс жасады", деп айыптау өз алдына ауыр қылмыс болып табылады. Азаматтық көзі ашық қоғамда "Кінәсіздік презумпциясы" толық сақталу керек. Өсек-аяңға емес, нақты ресми ақпараттарға сенуге шақырамын, — деп жазға экс-әкім.

 

Алматы қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше, Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен Қ. есімді азамат арыз түсірген.

 

"Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп- тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қылмыстық іс бойынша өндірісті Алматы қаласы қылмыстық іздестіру департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады", — деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

 

Ғабидолла Әбдірахымов 2008-2015 жылдары премьер-министр кеңсесі, президент әкімшілігінің құрылымдарында жұмыс істеді, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы болды. Шымкент қаласын екі рет басқарды.

 

2021 жылдың қаңтарында мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалды. Кейін "басқа жұмысқа ауысуына байланысты" қызметінен босатылды.