Жамбылда наубайхананы тонап, жабдықтарын металға өткізіп жіберген

02 сәуір 2022, 23:05

Ұрылар наубайханадан шығарылған жабдықтарды металл сынықтары ретінде  арзан бағаға өткізіп жіберген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі orda.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға  мереке  қарсаңында болған. Наубайхана  иесінің жоқтығын пайдаланып, екі ер адам құны 15 миллион теңге тұратын қымбат құрал-жабдықтарды түгелдей  ұрлап кеткен.

 

 «40 жастағы кәсіпкер полицияға ұрлық   туралы арызбен жүгінген. Ер адам 2021 жылдан басқа жақта  болғандықтан кәсіпорын жабық тұрған. Ағымдағы жылдың 16 наурызында іссапардан келген наубайхана иесі 15 000 000 теңгенің мүлкінің жоғалғанын анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер кінәсін мойындаған 18 және 21 жастағы Жамбыл облысының тұрғындарын анықтап, ұстады»  деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

Металл сынықтарын қабылдайтын пунктке небәрі 60 мың теңгеге қымбат құрал-жабдықтар қабылданған болып шықты. Күдіктілер қамауда,  іс жүзінде 188-баптың 4-бөлімі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұрылардың  мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.