«Жауапқа тарта алмаймыз…» – Қостанайда баласын өлтірген әйел 11 жылдан кейін кінәсін мойындады

09 наурыз 2021, 11:00

Қостанайда әйел туған баласын айдалада тұншықтырып өлтірген. Бірақ кінәсін 11 жылдан кейін туысқандарына айтқан.

Шындықты білген туысы полицейлерге оқиғаның мән-жайын айтып берген. Қазір полиция деректерге сүйене отырып, балаға қатысты ақпаратты тексеріп жатыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Телеарнаның дерегінше, бала азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелген. Құжаттарда қыздың анасы тұрған ауыл көрсетілген.

Алайда әйел де, оның баласы да ол ауылда ұзақ уақыт тұрмаған. Полицейлер қылмыс жасаған әйелді тапты. Келіншектің айтуынша, сол күні ол азаматтық некеде тұрған еркекпен ұрысып, үйінен кетіп қалған. Сол күні бір жарым жастағы қызын айдалада өлтіріп, денесін ауыл шетіне тастап, басқа ауданға жол жүрген.

Қатыгез келіншек полицейлерге оқиға орнын көрсеткенімен, баланың сүйегі әлі  табылмады. Әйел көрсеткен жер адам танымастай өзгеріп кеткен.

Облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының бөлім бастығы Артем Ткаченко: «Әйел өз кінәсін толық мойындаса да, қолданыстағы заңға сәйкес, оны айыпты деп тануға болмайды. Қосымша дәлелдер керек. Осы іске қатысты қазір мұндай дәлелдер жоқ. Сондықтан істі уақытша тоқтатуға тура келіп тұр», – деді.

aikyn.kz