Қаңтар оқиғасына қатысы бар деген 243 адамға сот үкімі шықты, 585 адам изоляторда - Прокуратура

26 сәуір 2022, 23:15

Қазақстанда қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған істер бойынша 243 адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы бас прокуратураның 25 сәуірдегі брифингінде хабарланды. Бірақ, ведомство қанша адам түрме жазасына кесілгенін нақтыламады. Сотқа барлығы 265 қылмыстық іс жеткен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "azattyq"-қа  сілтеме жасап.

19 сәуірде 214 адамға қатысты сот үкім оқып, 20 адамға түрме жазасы кесілгені хабарланған еді.

 

Бас прокуратураның 25 сәуірдегі ақпаратына қарағанда, тергеу изоляторларында "тәртіпсіздікке қатысқан, ғимараттарды өртеп, қару-жарақ ұрлап, мемлекеттік нысандар мен күш құрылымдары өкілдеріне шабуыл жасады" деген күдікке ілінген 585 адам отыр.

 

Бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов брифинг кезінде әуежайға жасалған шабуылға тоқтала кетті.

 

"5 қаңтарда Н. есімді азамат адамдар тобымен Алматы қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының жарығын өшірді. Н. өзінің әрекетімен стратегиялық нысанның қызметін тоқтатты, нәтижесінде ұшақтар жолаушылармен ұшып кете алмады және тоқтан ажыратылған ұшу-қону жолағында он сағат артық тұруға мәжбүр болды. Осы уақытта қарулы топ Алматы әуежайының ғимаратында қиратулар мен тонауларды жасады" деді Қилымжанов.

 

Прокуратура өкілінің сөзіне қарағанда, күдіктінің әрекеті "терроризм актісі" бойынша тергеліп жатыр.

 

Өткен айдың соңында көліктегі полиция департаменті, қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайы мен полиция ғимаратына шабуыл жасады деген күдікке ілінген адамның ұсталғанын айтқан. Бұған дейін, "қызмет міндетін орындамағаны, әуежайды күзетсіз қалдырып, әуежайды басып алуға жол бергені үшін Алматы қаласы әуежайының желілік полиция бөлімінің бастығы ұсталғаны" хабарланған еді.

 

Дүйсенбідегі брифингте Елдос Қилымжанов, Шымкент қалалық прокуратурасы "қиратулар, мүліктерді жою және көлікті өртеді" деген сегіз адамның ісін сотқа жібергенін айтты.

 

Қызылорда облысында осындай айыппен жеті адамға қатысты іс, кінәні мойындау туралы процесстік келісім жасау арқылы сотқа жіберілген.

 

Бас прокуратураның 25 сәуірдегі ақпаратына сәйкес, қаңтар оқиғасына қатысты 5041 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олардың ішінде "жаппай тәртіпсіздіктер" бойынша 49, "терроризм актілерімен" 45 іс.