Қапшағайда ер адам казино күзетшісіне пышақпен шабуыл жасады (видео)
Қапшағай қаласының полиция қызметкерлері 21 жастағы жігітті казино күзетшісіне шабуыл жасады деген күдікпен ұстады деп хабарлайды Polisia.kz.
 
Полицияның мәліметінше, ұсталған азамат казино күзетшісіне пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Жарақат алған күзетші аурухана жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.
 
36 жастағы ер адамның пышақ жарақаттарымен түскенін полицияға Орталық аурухананың қабылдау бөлімінің қызметкерлері хабарлаған.
 
Полиция қызметкерлері ауруханаға барып, факт расталды, дейді Қапшағай қаласы полиция бөлімі басшысының орынбасары Азамат Тұрғынбаев.
 
Тәртіп сақшылары іздеу жұмыстарына кірісіп, нәтижесінде күдікті ұсталған.
 
Полиция атап өткендей, ер адам шабуылдан кейін оқиға орнынан ізін суытпақ болған. Алайда ол қашып кете алмаған.
 
Полицияның дерегінше, ұсталған азамат Алматы облысы Талғар ауданының 21 жастағы тұрғыны.
 
Күдіктіге қатысты кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу басталған. Ол қамауға алынған жәні кінәсін мойындаған.