Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды – видео

26 қазан 2020, 10:43

Бес адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ екі жыл бойы Жезқазған мен Сәтпаевта ойын бизнесінен заңсыз пайда тапқан
Қарағанды облысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитеті баспасөз қызметінің ақпаратынша, қылмыстық топты Қарағанды облысы экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері ұстаған.

"2018 жылдың қаңтары мен 2020 жылдың мамыры аралығында бес адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ Жезқазған мен Сәтпаевта 7 заңсыз ойын нүктесін ұйымдастырған. Алынған табыстың жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асады. Жедел шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 200 данаға жуық Lotomatic ойын терминалы тәркіленді", - деп мәлімдеді ведомстводан. 

Бұл факті бойынша қылмыстық іс бекітілген айыптау актісімен сотқа жолданды.

Айта кетсек, Қазақстанда құмар ойындарын өткізуге тек екі өңірдегі арнайы орындарда &ndash Қапшағай қаласы мен Бурабайда рұқсат етілген. Республиканың қалған аумағында ойын терминалдары бар залдар мен казино жұмысына үзілді-кесілді тыйым салынған.