Қарағандыда аптасына 200 мың теңге тапқан қыз 10 жылға сотталды

19 мамыр 2021, 18:50

Қарағанды облысында АК-159/9 колониясында жазасын өтеп жүрген қыз синтетикалық есірткі сатуды қалай бастағанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасап.

 

"Қаржы жағынан қиындық болды. Сол кезде белгісіз біреу әлеуметтік желі арқылы хабарлама жіберді. Онда жоғары жалақысы бар жұмысқа адам іздеп жатқаны туралы айтылды. Желілік маркетинг емес деді. Мен бірден келістім", - дейді сотталушы.

 

Оның айтуынша, синтетикалық есірткінің бір дозасы үшін 1 200 теңге төлеген. Ал аптасына 200 мың теңгенің табысы түскен.

 

"Есірткінің алғашқы партиясын алу үшін нақты талаптар да болды. Ұялы телефонға алдын ала 30 мың теңге жіберу керек, я болмаса, жеке куәлігімен бірге фотосуретті жолдау қажет. Сөйтіп, артынан маған синтетикалық есірткінің алғашқы партиясы жатқан жердің фотосын жіберді", - деп атап өтті жазасын өтеп жүрген қыз.

 

Ол есірткіні бөлек дозамен буып-түйіп, тапсырыс беруші айтқан жерге тығып жүрген. Фотосын жіберіп отырған.

 

"Мен қатты қорқып жүрдім. Аулаға патрульдік көлік кіріп келсе, зәрем ұшатын. Артынан тапсырыс беруші есірткіні көбірек тығуды талап етті. Бірақ мен ойыннан шығуға шешім қабылдадым. Telegram-арнаны ашып, сол арқылы сатуды бастадым. Айына бір аптадай жұмыс істедім. Сол кезде сыртымнан біреу бақылап жүргендей болды", - деді ол.

 

Бір күні үйге полиция кіріп келеді. Олар сатуға дайын жатқан есірткінің үстінен түскен. Қызды 10 жылға соттап жіберді.

 

"Мен қазір қатты өкінемін. Барлығына айтарым, жеңіл ақша табамын деп түрмеден бір-ақ шығасыз. Текке ұзақ уақытқа бостандықтан айырыласыз", - деді сотталушы.

 

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қарағандыдағы әйелдер колониясында 100 әйел есірткі қылмысы үшін жазасын өтеп жүр.