Қарағандыда мұғалімдерге "сертификат сатқан" әйел ұсталды

28 сәуір 2022, 17:31

Қарағандылық әйел интернетте қазақстандықтарға 30-50 мың теңгеге жалған оқыту сертификаттарын сатып келген. Қазір шығын көлемі анықталып жатыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сәуірдің басынан бері Қарағанды қаласы ПБ Октябрь полиция бөліміне белгісіз біреудің алаяқтық әрекетінен жапа шеккен адамдардан арыз-шағым түсе бастаған. Жәбірленушілердің дені – әртүрлі өңірде тұратын мұғалімдер.

 

Мәселен, 20 сәуірде полицияға 46 және 37 жастағы қарағандылық әйелдер шағымданды. Анықталғандай, олар педагогикалық қызметпен айналысады.

 

"Жәбірленушілер интернет-қосымшалардың бірінен біліктілікті арттыру орталығының хабарландыруын көрген. Онлайн оқытудан кейін сертификат береді екен. Шарттары да қолайлы болған. Сөйтіп олар әлгі орталыққа 30-35 мың теңге аударған. Артынша ешқандай құжат алмаған әйелдер алданып қалғанын түсініп, полицияға арызданды", - дейді полицейлер.

 

Араға бір апта салып полицияға екі елордалық әйелден шағым түсті. Олар сертификат алу үшін орталыққа 30-50 мың теңге төлеген. Бірақ біліктілікті арттыру курсынан сол күйі өтпеген.

 

Жедел іздестіру шаралары барысында Қарағанды қаласының 27 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті әйел кінәсін мойындады. Сотқа дейінгі тергеу кезінде оның осыған ұқсас 23 фактіге қатысы бары анықталды.

 

Қазір келтірілген шығын сомасы есептеліп жатыр. Қылмыстық кодекстің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу басталды.