Қарағандыда "полиция департаменті бастығының орынбасары және прокурордың қатысуымен болған төбелеске" түсініктеме берілді

23 шілде 2022, 00:22

Әлеуметтік желілерде Қарағанды ​​облысы криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Ермек Тобылбаев пен прокуратура қызметкері Алексей Бондаревтің қатысуымен болған жанжал бейнеленген видео таралып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Интернетте таралған жазбада бірнеше ер адамның балағат сөздерді қолданып дау шығарғанын көруге болады. Бұл ретте кадрдан сәл шетке тұрып, жағдайды бақылап отырған криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ермек Тобылбаев көрінеді. Әңгіме барысында  ер адамдар арасында төбелес басталады. 

Бейнежазба желіде тарағаннан кейін полковник Ермек Тобылбаев қақтығысқа өзінің қатысуы туралы түсініктеме берді. Ол видеоның қандай жағдайда түсірілгенін айтты.

"Бұл жазба 4 шілдеде түсірілген. Менің ұялы телефоныма криминалдық полиция басқармасының бақылауында тұрған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс жүріп жатқан сотталушыдан қоңырау түсті. Маған оқиғаға қатысушылардың кездесуі өткені туралы хабарланды. Заңсыз әрекеттердің алдын алу және мән-жайды анықтау үшін мен оқиға орнына барып, патрульдік полиция полкінің отрядын шақырдым. Оқиға орнына келіп, жағдайды бақылап отырдым. Қатысушылар сөйлесу барысында төбелес бастап кетті. Жанжалға қатысушылардың барлығы полиция басқармасына жеткізілді", - деді Ермек Тобылбаев.

Полковник сондай-ақ аталған факті бойынша оқиғадан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты.

Қарағанды ​​облысы прокуратурасының баспасөз қызметі де видеоға қатысты пікір білдірді. Департамент Алексей Бондаревтың 2021 жылдың 30 желтоқсанынан бері прокуратурада жұмыс істемейтінін хабарлады.

"Желіде тәртіп сақшыларының қатысуымен болған төбелес деп аталатын бейнеролик таралуда. Ақпаратта Қарағанды ​​облысы прокуратурасының қызметкері А.Е. Бондаревтың қатысуы туралы айтылған. А.Е. Бондарев 2021 жылдың 30 желтоқсанынан бастап прокуратура қызметкері емес", - деп атап өтті облыстық прокуратура.