Қазығұрт тұрғыны өмірден өткен әкесінің зейнетақысын заңсыз алып отырған

11 наурыз 2021, 16:10

Қазығұрт аудандық полиция басқармасына аудан прокуратурасынан құжаттар келіп түсті. Онда жергілікті тұрғындардың бірі қайтыс болған әкесіне мемлекет тарапынан төленетін зейнетақысын заңсыз алып келгені көрсетілген. Бұл туралы ҚазАқпарат Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ол 2 жыл 3 ай бойы әкесінің зейнетақысын заңсыз алып, мемлекетке 1 миллион 200 мыңнан астам теңге шығын келтірген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Ақпарат алысымен полицейлер күдікті тұрғынның жеке басын анықтады. Оны тұрғылықты мекенжайынан ұстап, АПБ-не жеткізді. Ер адам өз кінәсін толық мойындады. Бүгінде тұрғын мемлекет тарапынан 2 жыл бұрын дүниеден өткен әкесінің атынан алып отырған ақшаны қайтарған.