Қордайдағы тәртіпсіздік: үш күдіктіге қатысты сот үкімі шықты

28 ақпан 2022, 21:42

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан үш адамға қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Сот 2020 жылғы 7-8 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарының аумағында жаппай тәртіпсіздік орын алғанын, оған зорлық-зомбылық, өртеу, қирату, атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану, сондай-ақ құқық қорғау органдарына қарулы қарсылық көрсету себеп болғанын анықтады.

 

Сотталушы үш ер адам, олардың біреуі тәртіпсіздіктерге қатысқаны және ұрлық жасағаны үшін сотталды. Екіншісі - тәртіпсіздіктерге қатысқаны, тонау, қарақшылық шабуыл, мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені үшін сотталды. Үшіншісі - жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін, екі және одан да көп адамды өлтіргені үшін сотталды.

 

"Сотталғандар кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: жәбірленушілер мен куәгерлердің, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдана отырып жауап алынғандардың айғақтарымен; сот-медициналық және басқа сараптамалардың қорытындыларымен; оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, олардың айғақтарын тексеру және нақтылау, беттестіру хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді", - делінген хабарламада.

 

Сотталушылардың бірі 6 жылға бас бостандығынан айырылды, екіншісі - 11 жылға, үшіншісіне 18 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды.