Қостанай облысында аңға шығып, жылқы атқандар ұсталды

06 қазан 2021, 19:29

Оқиға Жітіқара ауданының Аққарға ауылында болған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

63 жастағы жергілікті тұрғын полиция бөліміне жылқысы жоғалғанын хабарлайды. Іздестіру кезінде полицейлер ауылдан 12 шақырым жердегі жырадан жануарлардың сүйектерін тапты. Ұрылар қылмыстың ізін барынша жасыруға тырысқан.

 

Жітіқара қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары Әлібек Шандалинов қылмыстың қалай ашылғанын айтып берді.

 

Жедел тергеу әрекеттерінің нәтижесінде күдікті ретінде Қамысты ауданының екі тұрғыны ұсталды. Аңшылықпен айналысқан 29 және 24 жастағы жігіттердің қаруы болған. Үйді тексеру кезінде күдіктілерден заттай дәлелдер — ұрланған жылқының еті табылды, — деді полиция қызметкері.

 

Белгілі болғанындай, күдіктілер аңға барар жолда бір үйір жылқыға тап болып, біреуін атып алған.

 

Қазір ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бапта 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.