Қостанайда тәртіп сақшылары бейтаныс жігітке алданып қалған бойжеткенге ұялы телефонын қайтарып берді. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді деп жазады "NewTimes.kz" сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Анықталғандай, оқиға 18 қараша күні болған. 19 жастағы бойжеткен сағат 21:50 шамасында "102"-ге хабарласып, телефонын бейтаныс жігіт ұрлап кеткенін жеткізді.
Зардап шеккен ару өзінен бір рет қоңырау шалуды өтінген азаматқа ұялы телефонын берген. Оның айтқан сөзіне сеніп қалған бойжеткен нәтижесінде өз затынан айырылып қалды. Телефонды қолына алған бетте ер адам қашып кеткен. Алайда, 19 жастағы ару полицияға хабарласудың амалын тапқан.
Бірінші болып оқиға орнына автопатруль келіп жетті. Зардап шеккен қыз телефонын қолды еткен ұрының бет-әлпетін тәртіп сақшыларына сипаттап берді. Арудың берген мәліметтеріне сәйкес, полицейлер Пушкин-Абая көшелерін жіті бақылауға алды.
"Белгіленген аумақты тінту барысында полицейлер күдікті жігітті байқап қалды. Ол бойжеткеннің сипаттауына сай болды. Күдікті патрульдік көлікті көре сала, Пушкин көшесімен тығыла Қайырбекова көшесіне қарай жүріп бара жатты. Тәртіп сақшылары оның қыр-соңнан қалмады. Нәтижесінде, үйлердің ортасында тығылып қалмақ болған жігіт тұтқындалды" , - деп жазылған полиция хабарламасында.
Тексеріс барысында күдіктінің кім екені анықталды. Зардап шеккен қыз азаматтың оның телефонын ұрлап кеткен адам екенін растады.
Ұры бұған дейін тонауға қатысты жауапкершілікке тартылған облыс тұрғыны екені болып шыққан. Ол полицейлерден қашып бара жатқанда лақтырып жіберген ұялы телефон өз иесіне қайтарылған.