Қостанайда күзетшілер бағбанды өлтіріп, басын кесіп алған

15 мамыр 2022, 13:01

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық сотына 35 және 36 жастағы екі күдіктіге қатысты қылмыстық іс келіп түсті. Бұл туралы Экспресс К тілшісі облыстық сотттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Алты түп сарымсаққа бола кісі өлтірді деген күдікке ілінген қостанайлық қос азаматтың ісі сотта қаралып жатыр.

 

Ауыр қылмыс былтыр жасалған. Іс материалы бойынша, күдіктілер Виктор Дяченко мен Андрей Мартыненко Қостанайдағы "Краснопартизанский" бағбандар серіктестігі тұтынушылық кооперативінде күзетші болып жұмыс істепті.

 

"2021 жылдың 5 қыркүйегінде олар жұмыс орнында ішімдік ішіп отырған. Сол кезде оларға учаске иелерінің бірі келіп, алты түп сарымсағының ұрланғанына шағым айтады. Күзетшілер күдігі бірден сол саяжайдағы бағбан А.Кузовойға түседі. Екі тараптың әңгімесі дауға ұласып, арты төбелеске айналып, олар Кузовойды өлтіріп тынған", — дейді баспасөз қызметіндегілер.

 

Олар қылмыс ізін жасыру үшін мүрдені бөлшектеген. Қол арамен басын кесіп, оны өртеп жібереді. Ал денені күзетшілер үйшігінің маңына көміп тастапты. Екі күннен кейін мәйітті қайтадан қазып алып, Тобыл өзеніне батырып жіберген.

 

Дяченко мен Мартыненко Кузовойды өлтіргені үшін, сондай-ақ аса ауыр қылмыстың ізін жасыруға тырысқандары үшін айыпталып отыр. Сот тергеуі жалғасып жатыр, — деді баспасөз қызметі мамандары.