Қостанайда вакцинация паспорттарын “сатқандар” ұсталды

02 тамыз 2021, 19:38

Қостанайда вакцинация паспорттарын “сатқан” екі ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

 

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Қостанай қаласының 27 жастағы екі тұрғынын анықтады. Олар өздерінің пайдасы үшін “COVID-19” вакцинациялау паспорттарын сатумен айналысқан.

 

Олардың айтуынша, шілде айында “Telegram” әлеуметтік желісінде арнайы аккаунт ашқан. Содан кейін, клиенттерді іздеу үшін олар барлық әлеуметтік топтарға вакцинация паспорттарын істей алатындығы туралы жарнама тарата бастаған.

 

“Тілек білдірушілер” алдын ала төлемді бөтен адамға рәсімделген екінші деңгейдегі банктердің карталарына аударған.

 

 

Ақшалай қаражат – 300 мың теңгеден астам ақша ерлердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалды. Бірақ олардың айтуынша, құжаттарды ешкім алмаған, олар клиенттерді бұғаттап отырған.

 

 

Сонымен қатар қазіргі уақытта жедел уәкілдер вакцинация паспортын заңсыз жолмен алғысы келген адамдарды анықтау бойынша тергеу әрекеттерін жүргізуде.

 

Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігімен тіркелген сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Полиция қызметкерлері азаматтарға заңға қайшы келетін әрекеттер үшін заңмен қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.