Көзін ағызып, қолын жұлып алған: Оралда сотталған күзетшілердің біріне рақымшылық жасалды

22 желтоқсан 2021, 10:11

Батыс Қазақстан облыстық сотының сот алқасы адам өлтіріп, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталған күзетшілердің ісі бойынша апелляциялық шағымды қарады. Сотталушылардың біріне рақымшылық жасалып, қамаудан босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

Облыстық сотқа жәбірленушілер, сотталғандар және олардың қорғаушылары түсірген апелляциялық шағым келіп түскен. Жәбірленушілер айыпталушы Қонысқалиге жазаны қатаңдатуды сұраған. Қорғаушылар болса, оны ақтауды сұрады.

 

"Қонысқалиге қатысты үкім өзгертілсін. Ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған рақымшылық жасау туралы бап негізінде негізгі жазасын өтеуден босатылсын. Әбуталіп Қонысқалиді дереу қамаудан босату. Аян Хафизов пен Абзал Әділовке қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылсын", - деді үкімді оқыған судья.

 

Сот үкімге кассациялық тәртіппен шағым беруге болатынын айтты.

 

"Сот алқасы Қонысқалидің әрекетін қайта бағалауға негіз көрмеді, өйткені сотта ол жәбірленушіні бірнеше рет ұрғаны, ал Әділов пен Кафизовтың әрекеті ауыр зардапқа әкелгені анықталды", - делінген сот үкімінде.

 

Бұған дейін Әбуталіп Қонысқалиге өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін 2 жыл 6 ай мерзімге жаза тағайындалған болатын. Оның серіктестері Аян Кафизов пен Абзал Әділов 18 және 17 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

 

Еске салайық, қайғылы оқиға 2019 жылдың желтоқсанында болған. Корпоративтен шыққан жігітті полиция наркологиялық диспансерге жеткізген. Ол жабық мекемеде бүлік шығарған соң, көмекке шақыртылған күзетшілер жігітті өлімші етіп, тепкінің астына алған. Ер адам жедел жәрдемде қайтыс болған еді.