Қырғызстан тумасы елордада есірткі зертханасын ашқан

21 ақпан 2022, 22:20

Елордалық есірткі полицейлері астыртын есірткі зертханасының заңсыз қызметінің жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

 

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылындағы үйлердің бірінде 24 жастағы Қырғызстан тумасы ұсталды, ол өзі жалдаған үйде синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған.

 

ІІМ бейінді Департаментінде түсіндіргендей, ұсталған адам қараша айында “жасырып кетуші” болып орналасқан, бір айдан кейін үйді жалға алып, “қайнатушы” қызметіне ауысқан. Содан кейін  Telegram мессенджері арқылы ірі партиялардың көтерме саудасымен  айналысқан.

 

Үйді тінту кезінде барлығы 6 кг-нан артық тұтынуға дайын “α-PVP” (жылдамдық) синтетикалық есірткісі және 10 литр сұйық түрінде, сондай-ақ, әртүрлі зертханалық заттар (гигрометрлер, желдеткіштер, өлшеуіш стақандар, пластмасса елеуіштер, 100 дана “zip-lock” полиэтилен пакеттері, электрондық таразылар, респираторлар, скотч орамы, бір рет қолданылатын қолғаптар және бос пластикалық контейнерлер) табылып, тәркіленді.

 

Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында күдікті “закладка” жасап үлгергені анықталды.

 

Аталған деректі полиция құжаттап, нәтижесінде ішкі істер органдарының қызметкерлері тағы 1 кг “α-PVP” синтетикалық есірткісін тәркіледі. ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі “Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

 

Ұсталған азамат УҰИ-ға қамалды. Ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Қазіргі уақытта есірткілердің түсу арнасын және олардың заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

 

Айта кету керек, бұл жыл басынан бері ішкі істер органдарының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің жойған бесінші есірткі зертханасы.