"Қызым өзіне қол салмақ болды": Шымкентте көп балалы әке туған қыздарын азғындаған

14 сәуір 2022, 19:30

Шымкентте туған әкесі 11 және 5 жастағы қыздарын зорламақ болған. Аталған дерек наурыз айында полиция бөлімінде тіркелген. Бұл туралы “Айбат” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасаған Stan.kz ақпарат агенттінің тілшсі жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Жаға ұстатарлық жағдай туралы 7 баланың анасы айтып берді. Айтуынша, 36 жастағы күйеуі алдымен 11 жастағы қызына қол жүгірткен. Кейін арам пиғылын 5 жастағы перзентіне де жасамақ болған.

 

"Әкелері мұндай әрекетке барады деп ойламадым. Артынан келіп, құшақтаған. Қашпақ болғанында, аяғынан тартқан. Осы кезде қызым бетімен жерге құлаған. Менің ойымша, мұндай әрекетке баруына есірткі себеп болуы мүмкін", – дейді көп балалы ана.

 

Әйел күйеуінің бұған дейін де отбасы шырқын бұзғанын айтады. Ол әйелі мен төрт баласын жұдырықпен тәрбиелемек болған. Кейін қыздарына да қол көтере бастаған. Бұған шыдамаған 11 жастағы қызы өзіне қол жұмсауға тырысқан.

 

"Үйге қызыммен келдім. Тергеуден шаршаған болу керек, сыртқа шығып, қайта кірді. Бір мезетте балалар тып-тыныш болып қалды. Барып қарасам, қызым қолын тіліп тастапты. Мұны неге істедің сұрап едім, өмірі сүргісі келмейтінін айтты", –  деп қосты ол.

 

Күйеуінің бұл әрекеттеріне шыдамаған ана полицияға арыз түсірген.

 

"Қылмыстық кодекстің 124-бабы "Жас баланы азғындық жолға түсіру" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті қамауда", –  делінген полиция хабарламасында.

 

Қыздарға зорлық көрсету дерегі сараптама нәтижесінен кейін нақтыланады. Қазір көп балалы отбасы қайырымды жандар жалдап берген пәтерде тұрып жатыр.