Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қамауға алынды

06 қараша 2018, 11:42

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соттағылардың айтуынша, күдікті екі айға қамауға алынған.

"Ақтау қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының 2018 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Тергеу департаментінің Аманғалиев Серік Қалешұлына қатысты екі айға қамауға алу туралы өтініші қанағаттандырылды", - деп хабарлады соттағылар.

Соттағылардың айтуынша, Аманғалиев мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүддесіне қарсы аса ірі жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері 2018 жылдың 3 қарашасында сағат 18.40-та Ақтау халықаралық әуежайында Аманғалиевті ұстады, оның 115 мың еуро сомасында қаражаты тәркіленді. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі бойынша соталды тергеу жүріп жатыр", - деді баспасөз қызметіндегілер.