Маңғыстауда жолға таласқан көлік жүргізушісінің бірі екіншісін ұрып өлтірген

27 шілде 2022, 08:00

Маңғыстауда жол бермегені үшін ашуға булыққан көлік жүргізушілері жанжалдасып, бірі екіншісін ұрып-соғып өлтірген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 35 жасар күдікті 67 жасар ер адамды дене жарақатымен жол жиегіне тастап кеткен.

 

«Алдын ала болжам бойынша, екі жүргізуші бір-біріне жол бермей, араларында жанжал туындаған. Қылмыстық іске күдікті эмоцияға бой алдырып, көліктен шығып, 67 жастағы жүргізушіні ұрып-соққан. Алған жарақаттарынан кейін жәбірленуші сол жерде қайтыс болды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

 

Тергеу сотының санкциясымен күдіктіге қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

 

Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

 

Айта кетейік, оқиға 22 шілде сағат 20:15 шамасында Мұнайлы ауданының Жаңа Дәулет кентінде орын алған.

 

Құқық қорғау органдарының өкілдері көлік жүргізушілерін жолда туындайтын келеңсіз жағдайларда эмоцияға берілмеуге шақырады.