Нұр-Сұлтанда бас сүйегінде ісігі бар баланы туған анасы перзентханаға тастап кеткен

29 қыркүйек 2021, 09:40

Нұр-Сұлтандағы екінші аурухананың дәрігерлері оныншы мамырда дүниеге келген сәбидің анасын іздейді. Дәрігерлер жүктілігінің бес жарым айлығында перзентханаға шұғыл түрде түскен келіншек сегіз жүз жиырма грамм салмақта ұл босанғанын айтады. Сәбидің бас сүйегінде туа біткеннен ісігі бар. Мұны естіген анасы нәрестені перзентханаға тастап, кетіп қалған. Қазір бала төрт айдан бері дәрігерлердің бақылауында. Ал егер өз перзентін туған анасы алып кетпесе сәби балалар үйіне жіберіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Нәрсестенің миына қан құйылып кетпеу үшін дәрігерлер бір рет ота жасаған. Қазір жағдайы бір қалыпты. Алайд  бас сүйегі ісініп тұрады. Күтімі жақсы болса бала сауығып кетуі мүмкін. Бір келіге жетпей, шалажансар туған шақалақ әрең дегенде салмақ жинапты. Қазір 3650 граммды тартып тұр. 

 
“Анасы жүктілік кезінде есепке тіркелмеген. Бақылауда болмаған. Тексерілуден өтпеген. Нәресте өте ерте шала туылғандықтан балада өте ауыр тыныс бұзылулары болды”, – дейді неонатолог Ақнұр Жамбылова.

Дәрігерлер отыз жастағы келіншек босанған соң хат-хабарсыз кетті деп отыр. Анда-санда жөргегі мен жаялықтарын беріп жібергені болмаса баласын көруге келмеген. Сәбидің есімін де әлі қоймаған. Педиатрлар анасының Қарағанды облысының тумасы екенін, ұлты қазақ, бұл сәби екінші баласы екенін біледі. Туған-туыстарын да іздестіріпті. Алайда таба алмаған. Енді анасын тәртіп сақшылары анықтайтын болады. Өйткені дәрігерлер Есіл аудандық полиция департаментіне арыз түсірген. Ал егер саналы түрде баласынан бас тартса жасқа толмаған ұл бала нәрестелер үйіне жіберіледі. 

“Дәлелді себептерсіз бас тартса, ата ана құқығынан айыруға болады. Ауруханада қалған жағдайда көбінесе бұл асырап алу мәселесі көтеріледі. Бала жаңа туылды, әлі кішкентай, ешқандай алимент өндірілген жоқ, сондықтан осындай әрекет жасалады”, – дейді Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Жанаргүл Алпысбаева.

Ал аналық құқықтан айыру бірден жасалатын шаруа емес. Сондықтан отыз жастағы жас анаға әлі де мүмкіндік бар. Дәрігерлер есімі белгісіз сәбиді палатадан үйге шығаруға болады деп отыр. Күтімі жақсы болса бала қатарға қосылып кетеді. Анасы дәрігерлерге бүгін де алып кетемін депті. Бірақ, бұл оның бірінші уәдесі емес.