13 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікпен "Оператор РОП" ЖШС-ның бұрынғы басқарушы директоры ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.
"Ол "Жасыл Даму" АҚ өкілі болып табылатын "RecyclingCompany" ЖШС-не заңсыз ақша аударып, пайдаланудан шығарылған көліктерді кәдеге жарату үшін жоғары баға белгілеу арқылы 13 миллиард теңгеден астам сомаға сеніп тапсырылған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді", - делінген хабарламада.
Қылмыстық әрекеттер 2016-2019 жылдар аралығында "Оператор РОП" ЖШС-ның басқа қызметкерлерімен бірге жасалғаны туралы да айтылған.
Сот қаулысымен күдікті қамауға алынды. Оның әрекетіне соңғы құқықтық бағаны сот береді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "Оператор РОП" ЖШС басқармасының төрағасы Медет Құмарғалиев мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынғаны хабарланған болатын.