Орал қаласының тұрғыны Максим Яковченко әлеуметтік желідегі сепаратистік үндеулері үшін сотталатын болды. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Белгілі оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяров қалалық қылмыстық сот жергілікті тұрғынға қатысты істі қарауға қабылдағанын айтты.
«Оған қылмыстық кодекстің екі бабы – 174 «өшпенділік тудыру» және 180 «сепаратизм» бойынша айып тағылды», - деді ол Facebook-те.
Айта кетейік, сотқа дейінгі тергеу осы жылдың мамыр айында басталған. Оған Яковченконың әлеуметтік желіде Қазақстанның бірқатар қалаларын «Ресейге беру керек» деген пікірі себеп болды.
«Мен бұл туралы сотқа шақыру қағазынан білдім. Мені куәгер ретінде шақырып жатыр. Сот 10 қазанда басталады», - деп қосты Ахмедьяров.
Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура Kazakh Telegram арнасында сепаратистік үндеу таратқан шетелдікті әшкерелеген болатын.