Өз баласын өлтірді деп айыпталған әйелдің анасы оқиғаның мән-жайын айтты

17 маусым 2022, 09:55

Ақтауда өз қызын өлтірген әйел 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот материалдарына сәйкес бала анасы ішінен ұрған соң қаза тауыпты. Алайда марқұмның әжесі бұған қызының сүйіктісін кінәлайды. Сөзінше, баланың денесінде сексуалды зорлық белгілері болған. Бұл туралы Stan.kz тілшісі Astana арнасына сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Әжесінің айтуынша, немересі екі жарым жаста болған. Ал қызының сүйіктісі ойынқұмар әрі озбыр адам екен. Көрген жәбірлеріне қарамастан, қызы ер адамды жақтап келген. Ал немересінің денесінен бірнеше рет зорлық белгілерін көргенін айтады.

 

"Немеремді жуындырып болып, денесіне крем жаққанда жамбас тұсында ұсақ көгерген іздер бар екенін көрдім. Маңдайында да көгерген іздер болды. Қызды сол жігіт ұрды деп күдіктенемін. Бұрын жаялығын ауыстырғанда ұялатын, кейін ұялмайтын болды, маған ашып көрсетеді. Таңқалдым. Қызыма баласының неліктен бұлай жасайтынын сұрадым", – дейді әйелдің анасы Оксана Короткова.

 

Бала 8 қаңтарда мерт болған. Әйелдің сөзінше, бұл күні ер адам қызын ойынға ақша тауып келу үшін үйден қуып жіберген.

 

"Қайтып оралғанда ол киініп, ас үйде отырған. "Ана жақта қызыңа бірдеңе болды" деп айтқан. Жатын бөлмеге келгенде баланың киімі ауысып кеткенін көрген. Иегі жыртылған, көзін әрең ашып жатыпты. Ер адам қызымды дәлізге алып шыққан, сосын "Полиция келсе, бұл жерде менің болмағанымды, енді ғана келгенімді айт" деген. Ол бұл деректі жасырып қалғысы келген секілді, полицияға да дәл солай айтқан", – деп қосты Оксана Короткова.

 

Сот-медициналық сараптамасы нәтижесінде баланың ішегі жыртылып, құрсақ бөлігіне қан кетуден қаза тапқаны белгілі болған.

 

"Азамат М. Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігінде (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру салдарынан ажал құшу) қарастырылған қылмыстық істі жасады деп айыпталды. Оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесінде өтейді", – деді облыстық сот баспасөз хатшысы Нұршат Улеулиева.

 

Оксана Короткова қызының көңілдесі немересін өлтіргеніне сенімді. Ол туыстық байланыстарының арқасында жазадан жалтарып кетті дейді. Сөзінше, ер адамның ағасы полицияда жұмыс істейді. Оксана сотқа тағы шағымданып, әділдік іздемекші. Үкім әлі заңды күшіне енбеген.

 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда үш жасар баласының өлтірді деп айыпталған ана сегіз жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы хабарлаған едік.