Павлодар облысында ауыл тұрғыны жүкті әйелін өлтіріп, жазатайым оқиға ойлап тапқан

19 қаңтар 2022, 10:19

Өлтірілген әйелдің екі баласы қалды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың сәуір айында Успен ауданының полициясына Константиновка дәрігерлік амбулаториясының дәрігерінен аудандағы ауылдардың бірінің үйінен жүкті әйелдің денесі табылғаны туралы хабарлама түскен.

- Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері оқиға орнын тексере келе, әйелдің өлтірілуі мүмкін деген болжам жасады. Бұл істі тергеу полиция бөлімі бастығының орынбасары Асқар Аралбаевқа және аға тергеуші Мақсат Дүйсембаевқа тапсырылды. Олар болған оқиғаны егжей-тегжей мұқият зерттеп, ықтимал куәгерлерден жауап алды, - деді департаментте.

Жауап алу кезінде марқұмның анасы таңертең күйеу баласының «Саған не болды?!» деген айқайынан оянғанын айтқан. Көрші бөлмеден жүгіріп келе жатқан әйел қызының еденде жатқанын көрген, ал күйеу баласы қолымен кеудесін басып, әйелге жасанды тыныс жасап жатқан.

Дәрігерлер келген соң ер адам әйелінің ауырып қалғанын, ентігіп еденге құлағанын және оған алғашқы көмек көрсете бастағанын айтқан.

Тергеу барысында полицейлер бөлменің ағаш тақтайшалардан жасалған еденін ашқан. Тақталардың арасында қан бөлшектері, сондай-ақ құрамында хлор бар заттың ерітіндісі табылды. Бұл қылмыскердің қылмыс ізін жасырмақ болғанын көрсетеді. Қажетті дәлелдемелерді жинау, сондай-ақ жүргізілген сараптамалар барысында полиция қызметкерлері болған оқиғаны анықтады. Түнде ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш негізінде жанжал шыққан. Салдарынан ер адам жүкті әйелін тұншықтырып өлтірген. Содан кейін ол қылмыстың іздерін жоя бастап, қан дақтарын тазалаған, жазадан құтылу үшін отбасы мен полиция қызметкерлерін шатастырмақшы болып: «Не болды саған?!» деп, айқайлай бастаған. Осылайша, ол әйелдің тұншығып қалғанын және оған көмектесуге тырысқанын айтқан.

- Полиция қызметкерлері Асқар Аралбаев пен Мақсат Дүйсембаевтың кәсібилігі мен ұқыптылығының арқасында қылмыскер лайықты жазаға тартылды. Барлығын бірте-бірте жинай келе, тергеушілер қылмысты анықтап, барлық қажетті тергеу шараларын жүргізді және ер адамның кінәсін дәлелдеді, - деді департаментте. Полицейлер аталған қылмысты жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанын атап өтті.

24.kz