Павлодарда дүкендерді тонаған полицей болып шықты

12 наурыз 2021, 21:50

Павлодар станциясы желілік полиция бөлімінің басшылығы қол астындағы қызметкері дүкендерді тонағаны үшін қызметінен босатылды

Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері ұсталғаннан кейін қызметтік тергеу жүргізілді, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға ішкі істер министрлігі көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

"Қызметтік тергеу жүргізілді, нәтижесінде Павлодар станциясындағы полиция желілік бөлімінің бастығы және оның орынбасары қызметінен босатылды. Сонымен қатар Павлодар станциясындағы ПЖБ және көліктегі полиция департаменті басшылығының сегіз қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылды", - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.  

Сондай-ақ, қылмыс жасағаны үшін ұсталған кіші сержанттың ішкі істер органдарында бір жыл ғана жұмыс істегені хабарланды.

Sputnik Қазақстан бұған дейін хабарлағандай, Павлодарда екі рет қарақшылық жасады деген күдікпен жас жігіт ұсталды. 1 наурызда ол Кенжекөл ауылындағы "Керемет" дүкенінде сатушы әйелді тапаншамен қорқытып, кассадан ақша ұрламақ болған. Бірақ батыл әйел оған қарсылық көрсетіп, қылмыскер шегінуге мәжбүр болды.

Сол күні ол осыған ұқсас қылмыс жасады. Павлодар дүкендерінің бірінде сатушыдан 120 000 теңгені тартып алған.

Өңірлік полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов қарақшылық жасады деген күдікпен бұрын сотталмаған 22 жастағы Павлодар облысының тұрғыны ұсталғанын хабарлады. Ұрланған ақша тәркіленді. Ұсталған адам қамауға алынды, Қылмыстық кодекстің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Кейінірек тонаушы Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері екені анықталды.