Павлодарда балалар алаңқайында болған төбелес салдарынан ер адам есінен танып қалған. Есін әлі жинамаған тұрғын қазір ауыр халде ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, көшеде соққыға жығылған павлодарлық азамат медициналық көмекке мұқтаж. Жәбірленуші ішінен ауыр соққы алып, мұрны сынған, басынан алған жарақаты салдарынан комаға түскен. Науқасты дәрігерлер өлім аузынан арашалап қалды. Одан кейін облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
Полицейлер көршісіне ауыр дене жарақатын келтірген күдіктіні ұстады.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының бірінші бөлігі – «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жарияланбайды