Павлодар қаласында синтетикалық есірткіні тығып таратқан студент қыз ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасапған Sputnik Қазақстан тілшісі жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
22 жастағы қыз жоғары оқу орындарының бірінде 4-курста оқиды. Жарты жыл бұрын ол желіде жоғары жалақысы бар жұмыс туралы хабарландыру көрген. "Бір күнде 35 мың теңгеге дейін табыс табуға болады" деген ақпарат та болған.
"Студент қыз хат жазысып, қалада есірткіні тығып тарату керек екенін білді. Бірақ жұмыстан бас тартқан жоқ. Сөйтіп, жарты жылдай есірткі саудасымен айналысатын интернет-дүкенде істеді", - дейді тергеушілер.
Студент өз кәсібін жүргізу үшін пәтер де жалдаған. Сол жерде психотроптық заттардың ірі партияларын бөліп, шағын түйіншектер жасаған. Сосын қаланың әртүрлі жерлеріне тығып жүрген. Тергеу шаралары кезінде 693 грамнан асаатын синтетикалық есірткі тәркіленді.