Петропавл әкімдігінің қызметкерлері 17 пәтерді заңсыз иеленген

01 қараша 2018, 15:22

Петропавл әкімдігінің қызметкерлері мемлекет қаржысына алынған 17 пәтерді заңсыз иеленіп алған. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Прокурорлық тексеріс мүліктердің мемлекет қаржысына алынғанын анықтаған.

Мекемеде бұл әрекеттерді жүзеге асыру үшін қандай жоспар құрылғаны да айтылыпты.

Олардың сөзінше, жергілікті тұрғындардың сүрілетін жер телімдері сатылып, артынша құжаттар жалған тұлғаларға рәсімделген екен.

Кейіннен әкімшілік қызметкерлерінен құралған қылмыстық топ алынған мүліктерді үлестерге бөлу арқылы мүлік иелерінің санын көбейтіп отырған.

Осындай әрекеттерімен олар бір пәтерді екі-үш тұрғын үйге көбейтіпті. Артынша мемлекет қаржысына келген үйлердің ішінде артылғандарын өздеріне алып отырған.

Жалпы бұл істен кейін мемлекетке келген залал мөлшері 213 млн теңгеден асып кеткен. Аталған жағдайға қатысты қозғалған қылмыстық іс алаяқтық бабы бойынша тіркелді.

Ал қылмыстарының жазасын өтеу үшін сот алдына төрт шенеунік келді. Үкімге сәйкес Петропавлдағы тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің бұрынғы басшысы Өмірсейітова, миграциялық полицияның аудандық бөлім басшысы Сағди, тұрғын үй-коммуналдық бөлімі заңгері Есетова мен Өмірсейітова алты жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, сотталушылардың барлық мүліктері тәркіленді. Бұрынғы шенеуніктер енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Ал мемлекетке келген залал олардың арасында тең бөлінді.