Полицейлерден қашқан жүргізушінің мемлекеттік нөмір ұрлығына қатысы бар болып шықты

10 тамыз 2022, 17:28

Нұр-Сұлтанда полицейлерге бағынбай қашқан кінәлілердің мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің ұрлығына да қатысы бар болып шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

“Есіл” ауданының Полиция басқармасына елорда тұрғыны белгісіз біреулердің оның Kia Rio автокөлігінен мемлекеттік тіркеу нөмірін ұрлап кеткенін айтып арызданған.

 

Арызданушы әлеуметтік желілердегі жаңалықтардан “Нұр-Сұлтандағы полицейлердің қуғынын” көріп, бейнероликтен тәртіп бұзған жүргізушінің жүксалғышында көрініп қалған өзінің мемлекеттік нөмірін таныған.

 

Анықталғандай, МТНБ ұрланғаннан кейін оның иесі белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік айыппұлдар туралы хабарламалар алған.

 

 

 

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 61 мың теңгеден астам айыппұлды кінәлі тұлға төлейтін болады.

 

 

Еске салсақ, бұған дейін полицияға екі ер адамның тауар үшін төлем жасаудан бас тартып, автокөлікпен қашып кеткені туралы хабарлама келіп түскен болатын. Олар полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, қашып кетпек болған.

 

Сот шешімімен екі тәртіп бұзушы да қамауға алынып, әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.