Сауда орталығында кішкентай қызды тепкен түрік азаматы қамауға алынды

26 шілде 2023, 10:34

Алматының іргесіндегі сауда ойын-сауық орталығында қызды тепкен түрік азаматы қамауға алынды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды. 

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде кәмелетке толмаған баланы тепкен ер адам екі ай мерзімге қамауға алынды", - деп хабарлады ведомство.

 

Қазіргі уақытта сараптамалар тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр.

 

Еске салайық, бұған дейін Түркия Республикасының Астанадағы елшілігі түрік азаматының кішкентай қазақ қызын теуіп жіберуіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.

 

Оқиға 23 шілде күні Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан "Aport Mall" сауда орталығында болған. Бұзақының әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрда ер адамның әйел мен арбадағы баласын ертіп бара жатқанын көруге болады. Бір кезде кішкентай қыз арбаға жақындайды. Осы кезде ер адам баланы қатты теуіп, арбадағы сәбиді көтеріп алған.

 

Полицияға 1996 жылы туған азаматша К. 2019 жылы туған кішкентай қызына дене жарақатын салған белгісіз адамға қатысты шаралар қабылдау туралы өтініш білдірген. Бұл дерек бойынша "бұзақылық" дерегімен Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 1998 жылы туған Түркия Республикасының азаматын анықтап, полицияға жеткізді. 

 

Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті жауап алу кезінде болған оқиғаны айтып, өз кінәсін толық мойындаған. Қазіргі уақытта ұсталған ер адам заңнамада белгіленген тәртіппен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. 

 

Артынша бұл дерекке қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева ойын айтты. 

 

 

Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz