Сауда орталығындағы телефон ұрлығы бейнекамераға түсіп қалды

14 желтоқсан 2021, 11:01

Күдікті эскалаторға жәбірленушімен бірге мініп, оның бейқамдығын пайдаланып, қалтасындағы телефонын ұрлап кеткен  

Алматы облысында сауда орталығындағы телефон ұрлығы бейнекамераға түсіп қалды, деп хабарлады Polisia.kz.

7 желтоқсанда Қарасай ауданының полициясына Іргелі кентінің 29 жастағы тұрғыны арызданып, құны 149 мың теңге болатын ұялы телефонын сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде ұрлап кеткенін жеткізген. 

"Жедел уәкіл Талғат Сатыбалдин сауда орталығының әкімшілігі ұсынған бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, эскалаторға жәбірленушімен бірге мініп, оның бейқамдығын пайдаланып, телефонын қалтасынан ұрлап кеткен күдіктіні анықтады", – деп мәлімдеді Қарасай аудандық ПБ бастығы Болат Татыбаев.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицей бұрын осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған, пробациялық бақылауда жүрген 29 жастағы күдіктіні анықтады, оны Талғар қаласында жалдамалы пәтерден ұстады.

Ұсынылған дәлелдерден және оны жәбірленуші танығаннан кейін күдікті қылмыс жасағанын толық мойындады. Сонымен қатар келтірілген залалды өтеуге уәде берді, себебі ол ұрланған телефонды базарда белгісіз адамға сатып жіберген.

Тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың аудан аумағындағы осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексереді.

sputnik.kz