Семейде ер адам бұрынғы әйелі мен енесін соққыға жықты

06 маусым 2022, 23:29

Семейде ер адам бұрынғы әйелі мен енесіне шабуылдап, сынған бөтелкемен ауыр жарақаттаған. Бұл оқиға туралы әлеуметтік желідегі жергілікті және республикалық пабликтер жарыса жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Altaynews-ке сілтеме жасап.

Оқиға 1 маусым күні таңертең сағат 8-дерде 20-шы кварталда болған.

 

Әйелдің айтуынша, анасы екеуі үйінен жұмысқа шыққан. Пәтердің есігін ашқан сәтте подъезде жасырынып тұрған бұрынғы күйеуі оларға тарпа бас салады. Екеуін пәтерге күшпен қамап алып, 700 000 теңге талап еткен. Ақша ала алмаған соң, сынған бөтелкемен ұрып-соққан. Енесінің құлақ, мойын тұсын, қолын жырып, әйелінің бетін тіліп тастапты, ол аздай оның басынан орындықпен ұрған. Сәтін тауып, екі әйел подъезге қашып шығады.

 

Ұсталып қаламын деп қорыққан ер адам бірден оқиға орнынан ізін суытқан.

 

Қан-жоса болған әйелдер жедел жәрдем мен полиция шақыртады. Алайда жәбірленушілер енді полиция қызметкерлеріне шағымдануда. Олар тиісті шаралар қабылдамай жатқан көрінеді. Тергеуші, тіпті, бұл іспен әлі таныспағанын айтқан.

 

Әйелдің сөзінше, бұрынғы күйеуі көптен бері оны торуылдап, өзіне және ата-анасына қоқан-лоқы көрсетіп жүрген. Осы оқиғаға дейін 5 күн бұрын әйелдің әжесіне барыпты, бірақ ол есігін ашпай қойған.

 

- "Үш күн өтсе де, полиция ешқандай шара қабылдамады. Отбасым үшін қорқамын, келесі жол ол бізді өлтіріп кетеді",- дейді ол.

 

Бұл жағдайға қатысты ШҚО Полиция департаментіне жүгіндік. Олардың мәліметінше, күдікті анықталып, қамауға алынған екен. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге деректер ҚР ҚПК-ның 201-бабына сәйкес әзірше жария етілмейді.