Шенеуніктер пара алғаны үшін ұсталды: Шымкент әкімдігі ақпаратты жоққа шығарды

12 тамыз 2021, 09:00

Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасына байланысты түсініктеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған материалдарға сәйкес келесіні мәлімдейміз: Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғалары (басшы, басшының орынбасарлары) барлығы жұмыс орнында екенін назарларыңызға жеткіземіз. Сонымен қатар, еңбек демалысында жүрген 3 маманнан басқа қызметкерлер де түгел жұмыс орнында. Басқармаға құқық қорғау органдары тарапынан ресми хат келіп түскен жоқ", - деді Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының өкілдері. 

 
Еске салсақ, бұған дейін Шымкент қаласы мәдениет басқармасының лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікпен ұсталғаны айтылған еді.