ШҚО-да студенттен жарты жыл бойы ақша бопсалағандар ұсталды

01 маусым 2022, 20:03

ШҚО-да студенттен жарты жыл бойы ақша бопсалаған екі жігіт ұсталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Мамыр айының басында ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасына облыс орталығының екі тұрғыны өткен жылдың қарашасы мен 2022 жылдың сәуірі аралығында 19 жастағы студенттен ақша бопсалаумен айналысатыны туралы жедел ақпарат келіп түсті.

 

Тексеру барысында ақпарат расталды, бопсалаумен айналысты деген күдікпен облыс орталығының 22 және 19 жастағы тұрғындары ұсталды.

 

 

Анықталғандай, қаскөйлердің бірі оның группаласының шотында ақша барын біліп, жолдасына айтқан. Осылайша ол екеуінде қылмыстық ой пайда болған. Жәбірленушіге өз талаптарын айта отырып, қылмыскерлер қаражаттың бір бөлігін өз шоттарына аударап алған.

 

Зорлық-зомбылық әрекеттерінен қорыққан жәбірленуші олардан жасырынып, оқу орнына, жұмыс орнына баруды тоқтатып, тіпті тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болды.

 

Алайда бұл жәбірленушінінің артына түскен бопсалаушыларды тоқтатпаған, қаражаттың мөлшерін өзгерте отырып, олар одан әрі бопсалауды жалғастырған.

 

Жалпы алғанда қылмыстық әрекеттерден келтірілген шығын 1,5 млн теңгені құрады.

 

Сонымен қатар, қылмыскерлер жәбірленушінің атына әрқайсысының құны 150 мың теңгеден асатын смартфондарға екі несие ресімдеген.

 

Олар келесі 200 мың теңге көлемінде ақша қаражатын алу кезінде қолға түсті.

 

Тінту жүргізу барысында олардың бірінен ұялы телефон, 44 мың теңге ақша және банк картасы табылып, тәркіленді.

 

– Қазіргі уақытта күдіктілердің екеуі де ұсталды, олардың біреуі УҰИ-ға қамалды, екіншісіне қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

 

Осы баптың санкциясымен үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.