Ішімдік ішіп, суға түскен 161 елорда тұрғынына айыппұл салынды

12 тамыз 2022, 17:34

Шомылу маусымы басталғалы бері суға түсу кезінде түрлі заң бұзушылық жасаған 189 адамға айыппұл салынған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ратбек Демеуберген айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шомылу маусымы басталғалы бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, 189 адамға қатысты хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Оның ішінде 28 адам тыйым салынған жерлерде шомылған. Ал, 161-і ішімдік ішіп, суға түскен. Жалпы, шомылу маусымы балталғалы бері елордалық құтқарушылар қаланың су айдындарында 6 адамды құтқарды. Олардың барлығы жабдықталмаған жерлерде суға шомылған», - деді Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.

Сонымен қатар, Ратбек Демеуберген астанада суға кететіндердің көбі балалар екенін айтты. Оның дерегінше, қайғылы жағдайлардың 90 пайызында ата-аналар бүлдіршіндерін бақылаусыз қалдырады.